ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГИМНІ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібі
1. Мемлекеттік Гимн:
1) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде - ол ант бергеннен кейін;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде;
4) теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
5) Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктері мен өзге де ұйымдары өткізетін ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілген кезде;
7) Қазақстан Республикасына мемлекеттік немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу кезінде - тиісті шет мемлекеттің мемлекеттік гимні орындалғаннан кейін;
8) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шаралар өткізілген кезде;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде орындалады.
1-1. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) Мемлекеттік Гимннің мәтіні міндетті түрде орналастырылады.
Мемлекеттік Гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Гимнді орындау және оның мәтінін пайдалану тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау тәртібі
1. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.
2. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі.
3. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Үкіметтің құзыретіне:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының осы Конституциялық заңда бекітілген ұлттық стандарттарға және олардың бейнелеріне сәйкес келетін эталондарын дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерін бекіту;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту;
3-1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидаларын бекіту;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органды айқындау;
5) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органдардың құзыреті
1. Техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарттарын әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын әзірлейді;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиаттың лицензияда көрсетілген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерін әзірлейді;
2) мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесін құрады, сондай-ақ ол туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы органның құзыреті
Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын ) бақылауды жүзеге асырады.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды қалыптастыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.
2. Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оларды оқыту жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізіледі.
Жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензиясы болған жағдайда жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
| "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258-III Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 3-ҚОСЫМША |
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің мәтіні
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов,
Нұрсұлтан Назарбаев
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой.
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!